Қазақстанда 2010 жылдан бері авторлардың мүліктік құқығын ұжымдық негізде басқарумен айналысатын «Абырой» Республикалық қоғамдық бірлестігі жұмыс істеп келеді. ҚР ӘМ-нің Зияткерлік меншік комитетінде аккредитациядан өткен бұл ұйым құқық иелерінен алған өкілеттігі жоқтығына қарамастан, отандық және шетелдік авторларға қаламақы жинап жүргеніне жылдан асты. Бірақ әлі күнге Қазақстан авторлары қоғамының (ҚазАҚ) мүшелеріне ешқандай қаламақы төленген емес. Сондықтан да 300-ден астам авторлар қол қойып, оларға өздері үшін қаламақы жинауға тыйым салған-ды. Оны тыңдамады. ҚазАҚ-тың бірнеше рет жазбаша ресми талабын да елемегесін, біз сотқа 114 автордың атынан жүгініп, қайсысына қанша ақша жинағаны туралы мәлімет беруін талап еткен едік. Алматы ауданаралық мамандандырылған экономикалық соты ҚазАҚ-тың талап арызын қанағаттандыру туралы 2012 жылғы 02 ақпанда шешім шығарды. Енді Қоғамның өзге 1500-ден астам авторлары мен өзіміз өкілдік ететін дүниежүзінің 124 елінің авторларына жиналған сыйақылар жөнінде мәлімет беруді талап етіп, сотқа тағы жүгінетін боламыз. Авторлар өздеріне тиесілі ақшаларын алуға тиіс, оны әлде кімдердің олжалап кетуге қақысы жоқ.