НАЗАР АУДАРЫҢЫЗ! Сіздердің назарларыңызға жеткіземіз >>> ХАБАРЛАНДЫРУ!
Қоғам төрағасы: Қыдырбек Балнур Балгабекқызы
Бас директоры: Байғали Есеналиев Мақұлбекұлы
РҚБ «ҚазАҚ» мекен-жайы:
Алматы қ., Абай даңғылы 143/93 (Гагарин даңғылының қиылысы), 5-қабат, 500-ші кеңсе
ҚазАҚ — өзінің атқаратын қызметі жөнінен авторлардың мүліктік құқығын ұжымдық негізде басқаратын ұйым да, ал құқықтық-ұйымдасу жағынан – республикалық қоғамдық бірлестік болып табылады. Ол өз жұмысын ерікті түрде және тең құқықты мүшелік негізінде жүзеге асырады. ҚазАҚ қызметін бүкіл Қазақстан аумағында жүргізеді.  ҚазАҚ-тың негізгі атқаратын қызметі – авторлардың мүліктік құқығын басқару, яғни авторлардың атынан олардың туындыларын пайдалануға рұқсат беру, авторлық сыйақыларын жинау, жиналған сыйақыны бөлу және төлеу. Сонымен қатар ҚазАҚ авторлардың шағымы бойынша, сондай-ақ өз бастамасымен де авторлардың бұзылған құқығы үшін сотқа жүгініп, өтемақы талап етеді. ҚазАҚ авторлар (құқық иелері) өздерінің мүліктік құқығын бақылауды олардың өздері тікелей жүзеге асыра алмайтын жағдайда (жария орындау,с.і. телеарналар мен радиода, туындыларды механикалық жазба яки магниттік жазба жолыымен қайта шығаруда, т.б.) ұжымдық негізде басқарады.  Авторларға (құқық иелеріне) шығармаларын тікелей өздері пайдалануға беруіне байланысты қажетті көмегін көрсетеді. ҚазАҚ отандық авторлармен қатар шетел авторларының да Қазақстан аумағындағы мүліктік құқығын қорғауды қамтамасыз етумен айналысады. Сондай-ақ қазақстандық авторлардың құқығы дүниежүзі көлемінде бұзылмауын да бақылайды. ҚазАҚ - халықаралық СИЗАК ұйымының мүшесі. Ол әлемнің 221 елінің 229 қоғамын біріктіреді.

26 сәуір 2023 жыл. «Қазақстан авторлар қоғамы» РҚБ Кезектен тыс жиналысы
БАЯНДАМА жасаған «ҚазАҚ» РҚБ Төрағасы Балнұр Қыдырбек
Қадірменді қауым, құрметті әріптестер! Хош келдіңіздер!
Міне, бүгін бір ұйым, бір ұжым болып жиналып отырмыз. Осы төрт жыл ішіндегі Қазақстан авторлар қоғамы сүрген өмірін «Жау жағадан алғанда – бөрі етектен тартады» деуге келер. Талай зор сын-қатерге тап болдық. Бірақ, Қоғам мүшелері, авторлардың басым көпшілігінің бізге сеніммен қарап, бізді қолдауының арқасында осы қатерлердің бетін қайтардық. Қиындықтарды артқа тастап, алға ұмтылып, нық қадам бастық. Осы тұрғыда айтарым – ұйымның өткен төрт жылдағы өмірі мемлекетіміздің өмірімен тағдырлас болды деуге тұрарлық.
Біздің команданың Қазақстан авторлар қоғамына келгені Қасымжомарт Тоқаевтың Қазақ Елін басқара бастағанымен тепе-тең болды. Тоқаевты ұнатпайтын ескі билік жүйесі басында ашық қарсы шықпағанымен, кейін Қаңтар оқиғасына әкеліп ұрындырды. Жылдар бойы жұрттың ақшасымен өз қалтасын толтыруға үйреніп қалғандар, сол қаржы-қаражаттан қол үзбес үшін талай да қарсылық білдіріп, түрлі амалға барды, әлі де мемлекет талан-таражға түскен дүниені жинай алмай жатыр. Арасында өтірік-лақап та, жабылған жала да жеткілікті. Бәрін матап тастаған сыбайлас жемқорлықтың арқасында әлі де ақиқатқа жету қиын болып тұр. Осы айтылғанның бәрі шағын түрде біздің Қоғамға да байланысты.
2019 жылдың 29 наурызында сайландым. Тек екі ай өте, Әділет мин-гінің тіркеуін алған соң барып, Ұйым ісіне кірісуге мүмкіндік алдым. Сондықтан да мынау есеп тек қана 2019 жылдың екінші жартысынан бастап бүгінге дейін байланысты. ҚазАҚ ісіне қарсыласудың да көкесі сол күннен басталды. Бұл туралы өткен жалпы жиналыстарда егжей-тегжейлі баяндағамыз және де БАҚ құралдарында да жарияланған.
Дегенмен, қысқаша айтайын. М.Ысқақбайлар сотқа шағымданды. Біздің мөрімізді, бланкімізді пайдаланып барлық пайдаланушыларға «олар алаяқ, оларға ақша төлемеңдер, аудармаңдар» деген хат жолдаған. Сол хаттардың салдарынан, талай пайдаланушылар – мейрамхана, қонақ үй, театрлармен қарым-қатынасымыз үзіліп қалды. Құқықтарды ұжымдық негізде басқаратын «Аманат» пен «Абырой» ұйымдары да соны пайдаланып «Қазақстан» телерадиокорпорациясы мен «Алма-ТВ» кабелдік жүйесі сынды ірі, КТК, НТК, 31 канал сынды басқа да пайдаланушыларды өзіне тартып алды. Тақыр боп қалдық.
2020 жылдың ақпан айында Алматы қалалық соты мәселені біздің құзырымызға шешті. Ол шешімді мойындамаған М.Ысқақбай Жоғарғы Сотқа шағым түсірді. Енді ғана байланыстарымызды қайтадан жаңғырта бастаған кезде, пандемия басталып, бәрі карантинге жабылып, ісіміз тағы да бәсеңдеп қалды.
2020 жылдың күзі Қазақстан авторлар қоғамы үшін түбегейлі бетбұрыс кезеңіне айналды. Қазан айында Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы Алматы қалалық сотының шешімін құптады. Қараша айында аккредиттеуден өттік. Қалған ұжымдар (ҚҰБҰ құқықтарды ұжымдық негізде басқаратын ұйымдар) түрлі себептермен аккредиттелмеді, ал негізгісі – мемлекет белгілеген сыйақының шекті мөлшерінен асып кетіп, өз шығыстарына пайдаланғаны. Қаржыны ысырап етті деген сөз, ашық айтсақ – ұрлық. Бүгінде бізге жабылған жалаға бұл бір жауап.
Екінші жауап. «ҚазАҚ» РҚБ-де іс-қызметтің бәрі мөлдір түрде жүргізілуде. Бірінші күннен бастап қолма-қол ақша алып-беру болмай, барлық қарым-қатынас, пайдаланушылармен байланыс, авторлардың сый-ақысын жіберу, т.б. – істің түр-түрі тек қана электронды түрде жүзеге асты. Әр автордың кез-келген кезде өзінің сый-ақысы туралы мәлімет алуына мүмкіндік туды, ол үшін тек өтініш жазуы керек еді. Жуырда біздің электрондық жүйеге Жеке кабинет енгізілді. Енді құқық иеленушіні өз компиютерінен барлық мәліметті, қандай ақша, қай көлемде, қай шығарма үшін түскенін үйінен шықпай-ақ көре алады.
2021 жылдан бастап, пандемия салдарына қарамастан Қоғам мен пайдаланушылар арасындағы қарым-қатынас нығая түсті, агенттік жұмыс алға бастап, пайдаланушылар қатары көбейе түсті. Ақаулықтар түскен қаржыны бөліп таратуға байланысты еді. Бүгінде ҚазАҚ қатарында 5 жарым мыңнан астам отандық мүше бар және де ҚазАҚ 4 миллионға жуық шет елдік автордың құқығын қорғайды. Каталогтағы шығармалардың саны 40 миллионға жуық. Мұның бәрін санап, мәмілеге келтіру үшін арнайы, кешенді компьютерлік бағдарлама керек еді.
Осы тұста түсіндіретін жағдай туды. Бастапқыда мен де ашуланатынмын: «Неге шетелге қарап отырмыз, сондай бағдарлама жасайтын өзіміздің, қазақтың қыз-жігіттерінің арасында программист жоқ па?», деп. Сөйтсем, ол бағдарламаның бәрі көлемді 40-50 миллиондық шығарма енгізілген каталогпен байластырылған. Жылда өзгерістер мен жаңалықтар кіргізіліп тұрады екен. Бағдарлама дегенде – әлемдік каталогқа кіру мүмкіндігі деген сөз. Сондықтан, қымбат.
2019 жылдың тамыз айында біз мүше болған Еуразиялық құқық иеленушілер қоғамдарының конфедерациясы (ЕАКОП) деген орыстар басқарған ТМД елдерінің ұйымы бізге Гиперграф деген бағдарламаны тегін беретін болып, тиісті келісім шарт жасадық. Гиперграфқа енетін қазақстандық авторлар туындыларынан тұратын 7 мың шығармадан каталог жасадық. Біздің қызметкерлерге бағдарламаны пайдалануды үйрететін маман жұмыстан шығып кетті, одан кейін коронавирус болды, одан кейін жетілдіру мақсатымен Гиперграфты жөндеуге қойдық деп, орыстар екі жыл күттіріп, түбінде бағдарламаны бермей қойды.
Алыс шетел бағдарламаларының бағасы 150 мың евроның арғы-бергі жағы және әр жыл сайын қосымша төлейтін жарнасы 25 мың евро, өте қымбат болды. Латвиядағы әріптестерімізбен келіссөзімізді Қаңтар оқиғасы бұзып жіберді. Украинадағы әріптестеріміз, соғыс басталып өз басымен қайғылы болып кетті. Арасында «Месам» деген түрік авторлар қоғамы «бауырларымызға бағасын түсіріп береміз» деп жарты жыл бойы өтірік айтып, ақырында ғайып болды. Дегенмен, авторлардың сый-ақысын беруге тырыстық. «Автоматты жүйе» аталатын бөлімінің қызметкерлері бар мүмкіндігін жинап, автоматсыз қолмен санап сый-ақыны шығарып жүрді. Қиыншылыққа шыдамай, бұл бөлімнен екі жылдың ішінде 1-2 ай істеп, 15 адам қызметтен шығып кетті.
2022 жылдың күзінде қолымыз бағдарламаға жетіп, Қоғамның бұл қызметі жөнделе бастады. Бүгінде отандық авторлардың басым көпшілігіне сый-ақысы берілді. Шетелдің үлесін де таратуды бастадық. Қазір шоттағы жатқан таралмаған ақшаның дені шетелдікі. Мұндағы қиындық: Майкл Джексон сияқты аты әйгілі автор болмаса, аты-жөніне қарап қай елдің азаматы екенін біле алмайсың. Біздің әрең қол жеткен бағдарламамыз тек қана қазақстандық авторлардың үлесіне бейімделген. Қазір Интернеттен мәлімет іздеп, одан табылмаған кезде, шетелдік Қоғамдарға сый-ақысы бар авторлар тізімін қосып хат жазып, авторды дәлелдеуін сұрап жүрміз. Түбінде қымбатқа түссе де алыс шетел бағдарламасын алу керек етеді.
Бұл баяндалған кіріс-шығыстың бәрі 2019 жылдың екінші жартысынан бергі жағдай. Әділет министрлігі ресми түрде мені тіркеген соң, ертесіне 7 маусым күні Центркредит банкіге барып ҚазАҚ-тың шотын өзіме аударып алдым. Шотта 800 миллион теңге бар екен. Бір ай өте 800 миллионды Форте-банкке аудардым. Әлі де сонда жатыр, ешкім тиген жоқ. Ысқақбай салған байбаламның арқасында сол 800 миллион туралы Қазақстанда бесіктегі балаға шейін беймәлім қалған ешкім жоқ сияқты. ҚазАҚқа келген тексерудің бәрінің ісі сол 800 миллионды өз көзімен көруден басталады. Бәрінің сұрағы бір: неге таратпайсыңдар?
Осы тұрғыда мен де сауал бар: бізді жағадан ала бергенше ол сұрақты неге М.Ысқақбайға қоймайсыңдар? Ол қайдан жиналған ақша? Неге дер кезінде таратпады? Бүгінде ол ақшаны тарататын бізде негіз жоқ. Қашан, қай мерзімде жиналғаны белгісіз. Қай автордың, қандай шығармасына түскені белгісіз. Мұның ізін іздегенде, банктен 2019 жылдың сәуір айында 400 миллионға жуық 4 депозит жапқаны туралы мәлімет алдым. Біріншіден – бұл қылмыс. Депозит коммерция болып саналады. Қоғамдық бірлестік ретінде ҚазАҚ-тың коммерциямен айналасуына хақы жоқ. Екіншіден, депозитке қандай ақша, қай автордың ақшасын салды? Ата-бабасынан мұралыққа қалған дүние емес қой! Мұның және басқа қылмыстық істерінің түбірін білу үшін үш рет Алмалы ауданының Ішкі істер бөліміне шағымдандық. Екі рет құжаттарды жоғалтып алды, үшінші рет Қаңтар оқиғасына байланысты, «өртеніп кетті» деп, жауып қойды. Кейбір әріптестеріміз «Мемлекетке өткізіп жібермейсіңдер ме», дейді. Ол да мүмкін емес екен. Ешбір заңда мұндай істің механизмі көрсетілмеген.
Үстімізден талай шағым түсті. Соларға жауап берейін.
Ең жиі еститін сұрақ: неге авторлық сый-ақы азайып кетті? Оған біздің құзырымыз жетпейтін үш себеп бар.
Бірінші себеп:
Барлық мемлекетте авторлық құқықпен шұғылданатын бір-ақ мекеме бар, ары кетсе екеу: біреуі тікелей авторлар құқығын қарастырады, екіншісі сабақтас құқықпен айналысады. Авторлық құқық саласы монополияға жатпайды. Ал біздің елде бұл саланы антимонополдік Заңмен байластырып қойған. Шет елмен қарым-қатынас нығайып, тиісті келісім-шарттарға қол қою басталған кезде осы олқылықты байқаған бірнеше шет ел ұйымдарының басшылары, атап айтсақ CISAC (Халықаралық авторлар мен композиторлар қоғамдарының конфедерациясы), ВМІ (АҚШ), SOCAN (Канада) 2016 жылы ҚР Премьер Министрі К.Мәсімов пен ҚР Парламентінің Сенатының Төрағасы К.Тоқаевқа өтініш жолдаған. Бірі «Қазақстанда ҚҰБҰ (құқықтарды ұжымдық негізде басқаратын ұйымдар) тым көбейіп кетті және олардың басым көпшілігі осы саланың негізгі білімі мен біліктілігіне ие емес» десе, екіншісі соның салдарынан «пайдаланушыларды шатастырып, авторлар мен жалпы Қазақстандағы экономиканың шығармашылық секторына зиян келтіреді» деген. Аккредиттеу жүйесін «даулы» деп атай отырып, «ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу арқылы ағымдағы заңнамалық кемшіліктерді жоюға» іс-шара қабылдап және біздің басшылардың өзінің тікелей араласып, қадағалауын өтінген.
Қызығы, сол 2016 жылы Қазақстанда бар болғаны 5-ақ қоғам болатын. Бүгінде бізді санамағанда жиырма екі мекеме бар, 14 «қоғамдық бірлестік», қалғандары жәй ғана ЖШС (жауапкерлігі шектеулі серіктестік) ретінде тіркелген. Барлығы жанталасып авторлардың ақшасын жинайды, бірақ авторға жаны ашып тұрған ешқайсысы жоқ. Ал зардап шегетін авторлар, сыйақылары авторларға жетпей-ақ, қайда, қалай, қай ұйымның қорында қалғаны белгісіз.
Екінші себеп:
Бастапқыда авторлық сый-ақы туралы мемлекет белгілеген баға мен қаржылық мөлшемелер әлі күнге дейін өзгермеді. Мәселен, 2004 жылы «Қазақстан» телеарнасы эфирге 18 сағат шықса, бүгінде 24 сағат бойы таратады. Шығарманың саны да, автордың саны да көбейген, ал бөлінетін қаржы көлемі бұрынғыдай қалған. Мен де автормын ғой. 2021 жылы менің шығармаларымды осы «Қазақстан» телеарнасы мен Қазақ радиосынан 112 рет беріпті, содан маған деген тиесілі ақша 1800 теңге болып шықты. Ал концерттік залдағы 53 орындалудан түскені одан да аз.
Үшінші себеп:
Жасырын сыр емес – авторлық сый-ақының негізін қалайтын ән. Эстрадалық ән киетін киім сияқты мода: бүгін кең таралып, ертең ұмыт болады, бүгін барлық ресторан-кафеде неше мәрте орындалып авторларының қалтасын қомақты толтырса, ертең орындалуы бәсеңдеп, ақша мөлшері де түсіп кетеді.
келесі сұрақ: ҚазАҚ құжаттары қайда?
Ысқақбайлар бізді бір жыл бойы офиске кіргізбеді. Мұндай жағдайда ешкім ештеңе істей алмайды екен. Мемлекеттік органдар, бұл Қоғамның ішкі ісі десе, қоғам мүшелері «ақша кімнің қолында болса – сол менікі» деп отыра берді. Ақша біздің қолымызда болды, бірақ оны таратудың кілті Ысқақбайда қалып қалғанын барлығы түсіне қоймады. Бір жылдың ішінде аспай-саспай отырып, талай келеңсіз ісінің ізін суытқан. Тіпті 2020 жылдың ақпан айындағы Алматы қалалық сотының шешімін де орындамай, тағы 1,5 ай тырысқан күйде отырды. Жалдаған сот орындаушысы Бұланбай Жұманбай құжаттарды бізге тікелей беруге Заң рұқсат етпейді деп, жинап сот қоймасына 13 наурызда апарып тастады, ал 15 наурызда, бәріңіз білесіздер, бүкіл әлем 2 айға карантинге жабылып қалды. Екі ай өте «Ысқақбай мен Серік Исаев талабы бойынша істерің Жоғарғы Сотта қаралып жатыр» деп құжаттарды тағы бермеді. Жоғарғы Соттың шешімі қазан айының соңында шықты. Қараша айында біздің құжаттарды Сот қоймасынан басқа жаққа апарып тастағанын білдік. Артынан біздің істі Мейірман Оразбай деген сот орындаушысына беріп, өзі декретке шығып кетіпті. Мейірман Оразбаймен барып құжаттарды алайық десек – тасталқыны шығып жатыр. Бір қапты ашып қарасақ, іші толған қоқыс. Оны көрген сот орындаушысы шошып кетіп, бұл іспен айналасудан біржола бас тартты. Сот орындаушылар Палатасына хат жаздық, бардық, ештеңе шешпеді. Сол екі-үш айдың ішінде барлығы жұмыстан шығып кетіп, қойманың басшылары ауысып, жауапты адам қалмады. Кезінде алып кеткен 120 қаптың, бір қарағанда, талайы жоқ сияқты. ҚазАҚ басшылығы өз мойнына мұндай жауапкершілікті ала алмайды. Сондықтан бүгін осы жиналыс шешім қабылдап, авторлардан комиссия құрып, сол қоймадағы құжаттардың тағдырын шешсін және де не бар не жоғын өздері көрсін.
Осы тұрғыда тағы бір айтар жәйт. 2018 жылдың сый-ақысын алған жоқпыз деген авторлар неге ол сұрақты кезінде Ысқақбайға қойған жоқсыздар? 2019 жылдың ортасына дейін құрметті төраға болды емес пе?
Келесі сауал көбінесе жастардан түседі. Ол Интернетте жүрген шығармалардың сый-ақысы. Бұл көптеген елдің авторлық қоғамдарының бас ауруы десек, қателеспейміз. ҚазАҚ 2021 жылдың күзінде Фейсбукпен келісім-шартқа отырды. Мақтана айтамын, бізден басқа ТМД елдерінің ешқайсында ФБ келісім-шарты жоқ. Қазір Ютубпен келіссөз үстіндеміз. Швециядағы әріптестеріміз көмектесіп жүр. Бәрі дұрыс болса екі ай ішінде бұл мәселе де шешіледі. Халықаралық деңгейде бүгінгі күні Қазақстанда тек қана біздің Қоғам қызмет ете алады. Былтыр Чехия, Швеция, Молдованың екі ұйымы, Өзбекстан қоғамдарымен келісім-шарт жасалды. Беларусь қоғамымен дайындалған келісім-шартқа алдағы мейрамдардан соң қол қойылады.
Енді «Жау жағадан алғанда» деп бастағаным туралы.
Ұлы державалық шовинизм идеясымен қаныққан Ресейліктердің ойлары тек Украинаға қатысты емес екен. Олар Қазақстанның зияткерлік меншік кеңістігін басып алу әрекетін Украинадағы соғыстан бұрын бастады. Алдынан шыққан Қазақстан авторлар қоғамы болды. Әрекетін жасанды жағымпазданумен бастаған орыстар қып-қызыл өтірік және жаламен аяқтады. Бұл Қазақстан авторлар қоғамына ғана қатысты емес; сәл кейінірек білгеніміз, Әзірбайжан, Молдова, Армения, Грузиядағы ең ірі авторлар ұйымдарына да шабуыл жасалған.
Орыстар әдептілік, саяси сыпайылықтан жұрдай екен.
2021 жылдың тамыз айының соңында Алматыға барлық ресейлік зияткерлік меншік қоғамдарының өкілдерінен құралған делегация келді, олардың жалғыз иесі – А.Б. Кричевский деген азамат. Мақсаты: Қазақстан Республикасының аумағында «Фонмикс» атанған филиалын құру, біздің аккредитациямызды желеу етіп, қызметтерін кеңейтіп, түбінде барлық табысты тікелей Ресей Федерациясына жіберіп, еліміздің зияткерлік меншігіне толайым ие болу екен. Келіссөздер үш аптаға созылды. Таптап, жаншып, тек қана өзім айтқаным боладыға дағдыланып қалған орыстардың маған қойған талаптары: 1. барлық ҚазАҚ пайдаланушыларының тізімін бер, 2. Бухгалтерлік 1-С есеп жүйесіне кіруге мүмкіндік бер, 3. Келісім-шартқа дереу келісіп, қол қой. 4. роялти жинаумен айналысатын ҚазАҚ қызметкерлерін (агенттерін) Fonmix компаниясына жібер. Орыстар ультиматум қойды – егер ҚазАҚ шартқа қол қойса, онда республика аумағындағы басқа мекемелердің барлығын таратамыз (!?), ал қол қойылмаса, Аманатпен келісім жасап, ҚазАҚ-тың өзін таратамыз. Үш аптаға созылған келіссөз кезінде орыстардың стратегиялық жоспарын біліп алдым: 1. жергілікті аккредиттелген ұйыммен шарт жасап, бұл ұйымды қаржы құюымен нығайту; 2. Басшылықа РФ азаматтарынан немесе жергілікті тұрғындар арасынан өз адамын тағайындап, ҚазАҚ-ты қуыршаққа айналдыру, 3. 1-кезеңде HoReCa пайдаланушыларының (қонақ үйлер, мейрамханалар, кафелер) барлық лицензиялық келісімдерін өздеріне аударып алып, 2-кезеңде, телерадио, кабельдік желілердегі пайдаланушылардың лицензиялық келісімдерін алу. 6. қосымша қалған авторлық қоғамдарды банкрот қылып жіберу Сонда Қазақстан аумағында бүкіл зияткерлік меншіктің жалғыз иелері болып қалмақ. Жергілікті ұйыммен жасалған келісім-шарт арқасында барлық ақшалай түсімдер бірінші күннен бастап тікелей Ресей Федерациясына кетпек. Қазақ авторларының да, тіпті қазақ мемлекетінің тағдырын ойлап тұрған орыс көрінбеді. Мен бодан болатын шартқа қол қоюдан бас тарттым, ал орыстар сол күні «Аманат» жекеменшік мекемесімен келісім-шартқа отырып, бізге соғыс жариялады. Үш ай ішінде жасалған қысымның түр-түрін көрдік. Ресейліктер ҚР Әділет министрлігіне түрлі, ішінде өтірігі де жеткілікті хат жіберді, ЕАКОПтан шығарып жіберді. Бірақ ең сорақысы алда екен. 2021 жылғы 29 желтоқсан күні сағат 16:30-да Алматы қалалық полиция басқармасының тергеушісі бастаған жеті адам офиске басып кірді. Төртеуі бетперде киген, қолында автоматтары бар. Тінту жұмысын жүргізіп, барлық құжаттар мен құрал-жабдықтарды алып кетіп, банк шоттарын бұғаттады. Жаңа жыл демалысы, одан кейін қаңтардың қорқынышты оқиғалары – бірдеңе істеу қиын болды. Қаңтардың 24 күні прокуратура полицияға есепшоттарды ашып, құжаттар мен құрал-жабдықтарды қайтаруды бұйырды. Ақиқатты сонда ғана білдік. 2021 жылдың 12 қазанында ҚазАҚ-қа сегіз ресейлік ұйым үстімізден Қылмыстық іс қозғау туралы арыз берген. Жетеуінің бізге еш қатысы жоқ: Фирма Мелодия, Союз музыка, Союз студиясы, Ray Records музыка баспасы, «Бірінші музыка баспасы», «Ұлттық музыка баспасы», «Жалпы ресейлік зияткерлік меншік жөніндегі қоғам». Қылмыскер ретінде мені, ҚазАҚ төрағасы Б.Қыдырбекті, бас директоры Б.Есеналиевті және сол кезде бізге қонаққа келген Әзірбайжан Республикасының азаматы, Әзірбайжан авторлар қоғамының төрағасы Исмаил Маммадкаримовты көрсеткен. CISAC-ка (Халықаралық авторлар мен композиторлар қоғамдарының конфедерациясы) ресейліктердің қастандығы туралы хат түсірдік. Сондай хатты Әзірбайжан, Молдова, Грузия, Армения авторлық қоғамдары жазды. Россия авторлық қоғамы көкбеттеніп, әдеттегіше лақапқа толы жауап жазып жіберген. Бірақ, CISAC біздің басшыларымыз сияқты жалтақтамай, Ресей ұйымдарына қатаң ескерту жасады. Бұл туралы CISAC Резолюциясы сәуірдің 20 күні Прага қаласында өткен конференцияда бірауыздан қабылданды. 2022 жылдың мамыр айында Ыстамбұл қаласында жиналған бірқатар авторлық қоғамдар АССИПРИК авторлық қоғамдардың конфедерациясын құрды. Түркия, Украина, Әзірбайжан, Өзбекстанның екі ұжымы, Молдованың екі ұжымы және біз құрылтайшысы болдық. Шілде айында Бакуде өткен конференцияда Грузин қоғамы қосылды. Қазан айында Алматы мен Самарқантта өткен конференцияларға Швеция және Чехия ұйымдары қатысты. Алдымыздағы мамыр айында өтетін Тбилиси конференциясында Польша мен Болгария өтініштері талқыланады.
М.Ысқақбай мен С.Исаев ҚР Жоғарғы Сотына үш рет шағымданды. Сот үшеуінде де арыздарын құптамаған. Жоғарғы Сот арқылы істері шешілмеген соң, 2021 жылдың басында 7 авторға қол қойғызып, үстімізден ҚР Президентіне тағы да арыз жіберген. Ысқақбай дейтінім, конверттің сыртында соның мекен-жайы көрсетілген, бұрынғы текст. Іші толған баяғы өтірік. Қол қойғандар: Қоразбаев, Питерцев, Ұлықбек Есдәулет, Данияр Бейсеуов, Бауыржан Есебаев, Жарылқасын Дәулет, Бақытжан Ауданбай. Қызық жері – төртеуі бізбен жасалған келісім-шартын дәлелдеп, ақшаларын алып жатыр. Ал Жарылқасын Дәулет пен Бейсеуовтың мұрагері, бір жағынан хабарласқан Қоғам қызметкерлерін тілдеп, екінші жағынан өтірік жала жауып жатыр. Әлі күнге дейін, Қоғамға бір келіп, шартқа отырып, ақшасын алудың орнына, байбалам салғанды артық көреді.
Осы хатты негізденіп, ҚР Әділет министрлігінің Зияткерлік меншік құқықтары жөніндегі Департаменті ҚазАҚқа дереу тексеріс жіберді. Коронавирустың сайраңдап тұрған кезі, арамыздан Авторлық Кеңес мүшелері Есенғали Раушанов, Бахтияр Аманжол, ұйым заңгері Светлана Юмашевалардан айрылып, қызметкерлердің көбі ауырған шақ болғандықтан, бұл тексерісті қабылдамай қайтарып жібердік. Қараша айының басында қайта тексеріс жіберілді. Жасыратыны жоқ: тырнақтың астынан кір іздегендей тексерді. Бар тапқандары шет ел авторларына сый-ақыларының дер кезінде жіберілмегені.
Әділет министрлігі екі ай өте, 2022 жылдың ақпанында алдыңғы тексерістегі қателер қалай жойылды деп тағы тексеріс жіберді. Жойылған жоқ, жоюға мүмкіндік болмады. Президент күні, Тәуелсіздік күні, Жаңа жыл, арасында 8 күн сенбі-жексенбі, бүкіл қаңтар бойы орыстардың кесірінен бір ай қолымыз байлаулы тұрды. Соның бәрін біле тұрып өкілетті органның істегені осы болды. «Бөрі етектен тартты» деп қалай айтпасқа? Барлық елде авторлық қоғамдарды қадағалайтын Мәдениет министрлігі, тек бізде ғана Әділет министрлігі. Сондықтан болар біздің саланы олар «нарық» деп, зияткерлік меншікті «бизнес» дейтіні. Тексеріс нәтижесінде тағы да ештеңе таппады. Таратылмаған ақша Жарылқасын Дәулет, Орал-Қосай Бәйсеңгірлер айтқандай Балнұр мен Байғалидің қалтасына түспеген, ҚазАҚ-тың шотында жатыр.
Осы төрт жыл ішінде Қоғамның жағымды істері де жеткілікті болды.
«ҚазАҚ» РҚБ екі көлемді Халықаралық конференция өткізді. Локдаун алдында 2020 жылдың наурызында және 2022 жылдың қазан айында. Оған шет елден келген сарапшылар қатысып, тәжірибесімен алмасып, авторлық құқық түрлері және сабақтас құқықтар туралы дәріс оқыды.
Қызметкерлер шет ел мамандары қатысуымен өткізілген семинарларға қатысып, зияткерлік меншік жөніндегі құқықтар туралы біліктілігін жетілдіріп, тиісті сертификат алды.
Қазақстан рестораторлар бірлестігі мен Қазақстан авторлар қоғамы арасында жасалған Меморандумға қол қойылды. Жамбыл жылы аясында өткізілген барлық іс-шараға қатысты. Қоғам қолдауымен қандастарымыздың рухани ортаға тез қосылуына бейімделген «Таңжарық» журналы жарық көрді. Шымкентте, Өскеменде, Түркістанда біздің авторлар кітаптарының тұсау кесері өтті. Көкшетау қаласында өткен қандас авторлар құрылтайына қатысып, үздік авторлар Қоғам марапатын алды. Түрік киносы апталығын, Авторлық құқық саласында кенжелеп қалған, фотосурет мамандарының Қазақстан Тәуелсіздігіне арналған арнайы көрмесі, фотограф Максим Золотухинның жеке көрмесі ұйымдастырылды. «Өзін-өзі тану – бақытты өмір жолы» атты балалар мен жастар рухани тәрбиесінің келелі мәселелері туралы Республикалық қоғамдық форумға қатысып, көлемді баяндама жасалды. Авторлық құқық туралы Алматы жоғары оқу орындарында 30-дан астам кездесу-лекция өтті.
Ұйым ұсынуымен мүшелері де түрлі марапатқа ие болды:
драматург Рамазан Думан ҚР еңбегі сіңген қайраткер атағын алды,
әнші-бард Гүлмира Ақүрпекова және ақын Темірғали Көпбаев «Құрмет» ордені кавалері атанды.
Бірқатар әріптестеріміз «Қазақстан Тәуелсіздігіне 30 жыл» мерекелік медалімен марапатталды.
Қоғамның алда істейтін іс-шаралары, көздеген мақсаты және де ұстанатын тәсілдерінің негізі «Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы» Заңы. 2021 жылы Заңға өзгерістер мен толықтылулар енгізілді. Қоғам тарапынан жасалған бір де ұсыныс кірмеді. Депутат Бижанова бастаған топ, олардың басшылары 28 бетке жазып берген ұсынысымызды елеген де жоқ. Бұл қазақ авторлар мүддесіне лайықты да, бейімделген ұсыныс болған. Бір-ақ қана мысал келтірейін.
Шар-тарапта теңдесі жоқ өнер бар. Ол – Айтыс. Бір адам бойына ерекше қасиеттердің дарығаны. Бүгінде айтыскер ақындар бір жағынан халықтың сый-құрметіне бөленсе де, екінші жағынан олардың авторлық құқығын жақтап жатқан ешкім жоқ. Заңға «Той» деген ұғымды кіргізу керек. Бұл қалжың емес, әзіл емес, шындық. Авторлық құқық бұзылуының көкесі тойда жатыр. Көркемдік шығармаларды (ән, күй, т.б.) орындаушылардың заңсыз пайдалануы, тойханалардың авторларға сый-ақы төлемеуі күнделікті үрдіс болып кетті. Кафе-ресторандар автордың сый-ақысын төлемеуді «той отбасылық іс-шара» деп сылтауратады. ҚР «Неке және отбасы туралы» Кодексі (1 бап) бойынша отбасы болып ата-ана, балалары, немерелері саналады. Тойға қатысқан 200-500 кісіні бір отбасы деп санауға келе ме? Осы тұрғыда айтып кетер жағдай: «отбасылық іс-шара» болғандықтан тойда ән салып, би билеген артистер, тамада, т.б. ешқайсысы салық төлемейді, ондай салық бір заңда белгіленбеген. Мәселен, коронавирусқа дейін той-бизнесінің Қазақстан бойынша бір сенбілік табысы бір ай көлемінде бүкіл ойын-сауықтан (оның ішінде театр, концерт, кино, стадиондарды қосқанда) түсетін табыстан жүз есе асып кеткен. Дамыған елдің көбісінде, көрші Россияда театрдың қоюшы-режиссеры автор болып саналып, спектакль қойылымынан, видеожазбалар көрсетілімінен түскен қаржының ішінен тиісті пайызын алып тұрады. Театр сахнасына шыққан, киноға түскен актерлердің де өзіне тиісті үлесі бар. Біздің Заңда бұл мүлдем жоқ. Дубляж да ешқалай көрсетілмеген, ал кезінде «Қазақфильм» шығарған дубляж киноның оригиналынан артық болып, ҚСРО көлемінде ең үздік саналған.
Парламенттің жаңа құрамы сайланды. Жаңадан сайланған депутаттар немқұрайлықпен қарамайтын шығар деп, Заңның жаңа редакциясын жасауға қайтадан ықпал ету керек болар.
2019 жылдың 1 шілдесінен бастап бүгінге дейін ҚазАҚ-тың кіріс-шығыс хаттары Казпочта арқылы 4432, электронды пошта арқылы 12580 болды, қоғам заңгерлері 487 сот процесін өткізді.
Жалпы жұртшылық, қоғам мүшелері бұл күнделікті істің маңызын да, көлемін де білмейді. Әсіресе сыртымыздан жағымсыз әрекет істеп жүргендер. «Аманат» жеке мекемесі ресейліктердің үмітін толық атқара алмады, ҚазАҚты да тарата алмады. Сондықтан, бұлардың бағыты өзгеріп, ҚазАҚты таратпай, тек басшыларын ауыстыру болды. Қазақстан жағынан бұлардың әрекетін кім қолдап отырғанын да білеміз, Қоғам басшыларын ауыстыру мәселесімен жарты жыл бойы Қоғам мүшелерінен қол жинап, Ринат Абдулхаликов дегенді ұшақпен бүкіл республиканы аралатқанын да білеміз. Бізді жақтайтын Қоғам мүшелеріне «Балнұр мен Байғали жіберді» деп жалған айтып, қол қойғызып алған, алданған кісілер жазған арыздары қолымызда.
Ешкімді тілдемейміз, сөкпейміз, бірақ мына жиналысқа айтарым: 19 сәуір күні Алматы қаласының Мамандандырылған ауданаралық тергеу сотының Ринат Абдулхаликов үстінен іс қозғау туралы қаулысы шықты. Аңдамай сөйлейтін Артық Тоқсанбаевты былтыр Алматы қалалық соты кинорежиссер Ермек Тұрсыновтан кешірім сұратып, айып төлетті.
Жеңіс Сейдоллаұлына таңданамын. Түскен ақшасын дер кезінде алып жүр, жиналыс боларын білді, Төраға болғысы келсе – ашық осында келіп, дауысқа түспей ме? Түбінде әр адамның табысы жасырын сыр, бірақ мына Жеңістің алған ақшасын көрсетуге мәжбүр болып отырмыз.
Осы келеңсіз жағдайда, әріптестеріміз – Жазушылар одағы басшыларына таң қаламын. Білектерін сыбанып тұрып ҚазАҚ басшыларын орнынан алуға белсене қатысқандары ренжітеді десем, аз болар. Жазушылар одағы негізінде тұрған ақын-жазушылардың ұлы бейнесіне көлеңке түсіріп, өз қадірлерін өздері кетірді. «Менің бұған қатысым жоқ деген» Бауыржан Жақып кешегі заңсыз өткен жиналыстың төрінен көрінді. Ұлықбек Есдәулеттің үстімізден шағым түсіргенін біз, ұялғаннан үндемей, жауып қойып едік, өз беделін өзі түсіріп үстінен қылмыстық іс қозғалып жатқан Абдулхаликовтерге Одақ ғимаратының есігін айқара ашып берді. Осы тұрғыда айтарым, шағын болса да ҚазАҚ-тан алатын ақшаның Интернет арқылы түсетініне қуануы керек. Бірақ, ертең де бір бірімізді көреміз ғой, соны неге ойламайды?!
Қадірмені қауым, құрметті әріптестер!
ҚазАҚ қызметкерлерінің ісін дұрыс бағалағандар да бар. Бір апта бұрын Ұлттық Ақпарат-талдау Орталығы ҚазАҚ осы саланың үздігі деп шешті. Құтты болсын!
Қоғам мүшелері, авторлар, шығармашылық белесінің биігінен көрінсін! ҚазАҚ-тың қызметкерлерінің істерінде табыс тілеймін! Аман болайық!



Құрметтi авторлар!
Бізге пошта арқылы мынадай хат келіп түсті. Хаттан ұққанымыз, біз 24-ші сәуірде жиын өткізу үшін Әл Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің Ө.Жолдасбеков атындағы студенттер сарайын жалға алыппыз, зал жөндеуге жабылатын болғандықтан біздің ұсынысымыз қанағаттандырылмайды екен. Ринат Абдулхаликов, Аида, Нәзира,т.б. деген біреулердің авторларға телефон шалып қол жинап жүргенінен хабардармыз. Бұл әрекеттің кімдер тарапынан жасалып жатқаны да белгілі болды. Бұрынғы Төраға, барлық сот инстанциясында түгел жеңілген, 85 жастағы Марал Ысқақбай және ҚазАҚ қоғамына ешқандай қатысы жоқ, «Абырой» қоғамының Бас директоры қызметінен қателіктері үшін шеттетілген Ринат Абдулхаликов бастаған төрт адамның бастамасы екені анықталды. Тіпті бұл заңсыз істері үшін олардың үстінен қылмыстық іс қозғалуы мүмкін.
Өйткені Жалпы жиналыс Қоғам Жарғысында белгіленген өзіндік тәртібі бойынша өткізілуі тиіс.
ҚазАҚ Жалпы жиналысы ҚазАҚ Авторлық Кеңесінің шешімімен 26-шы сәуірге деп нақты белгіленген. Бұл жөнінде Әділет Министрлігінің Зияткерлік меншік Департаментін хабардар еткенбіз. ҚазАҚ Жалпы жиналысы 26-шы сәуір күні сағат 15-00 де. Тіркелу 14-00 ден басталады. Одан басқа жиналыс туралы ешқандай заңды шешім жоқ болғандықтан арандатушылардың әрекетіне алданып қалмауларыңызды сұраймыз!
Құрметпен, ҚазАҚ басшылығы.


Хабарландыру!
РҚБ «ҚАЗАҚСТАН АВТОРЛАРЫ ҚОҒАМЫНЫҢ» КЕЗЕКТЕН ТЫС ЖАЛПЫ ЖИНАЛЫСЫ
Күні: 26 сәуір 2023 жыл
Өтетін орны: «Тұран» университеті.
Мекен-жайы: Алматы қ. Сәтпаев көшесі 16 А.
Тіркелу: 14-00
Басталуы: 15-00
Күн тәртібі:
1. Қоғамға еңбегі сіңген өнер иелері мен пайдаланушы мекеме қызметкерлерін Марапаттау.
2. Төраға есебі.
3. Қоғамның Төрағасын сайлау.
4. Қоғамның Бас директорын сайлау.
5. ҚазАҚ Авторлар Кеңесі және Ревизиялық комиссияның жаңа құрамын бекіту.
6. Қоғамның Жарғысын қабылдау және оған өзгертулер мен толықтырулар енгізу минут.
7. ҚазАҚ 2018-ші жыл мен 2023-ші жылдар аралығында қордаланған мәселелер мен оларды шешу жолдарын талқылау.
Ескерту: Жалпы жиналыс РҚБ «Қазақстан авторлары қоғамына» қатысты болғандықтан, жиналысқа тек осы қоғамның мүшелері мен арнайы шақырылған өкілдер ғана қатыса алады.
Қоғамның мүшелігінде жоқ адамдар жиналысқа жіберілмейді. Олардың сайлауда дауыс беруге және сайлануға хақысы жоқ. (Қ.Р. Авторлық және сабақтас құқықтар жөніндегі Заңының 43 бабындағы 4 тармақ, Қоғамның авторлармен жасалынатын келісімшарт талаптары бойынша келісілген).
Жалпы жиналыс туралы мәліметтер толығымен Әділет министрлігі, Зияткерлік меншік Департаменті Басшыларына ескертілген.
Хабарландыру!
Құрметті "Қазақстан авторлары қоғамы" Республикалық Қоғамдық Бірлесігінің мүшелері! Соңғы кездері арнайы органның көмегімен тұлғалары анықталған кейбір азаматтар РҚБ ҚазАҚ қызметіне нұқсан келтіру мақсатында мәлімет жинауды себеп қылып, авторларға хабарласып, жалған ақпараттар таратуда.
Олардың бұл әрекеті; "Мемлекет пен қоғам қарамағындағы кез-келген азаматқа немесе мекемеге зиян келтіру үшін жалған мәлімет тарату" (Қ.Р. қылмыстық Кодексіндегі 274-ші бап) болып табылады. Болашақта үстілерінен қылмыстық іс қозғалуы мүмкін бұл тұлғалардың әрбір әрекеті бақылауға алынды.
Сіздерді өз қылмысына ортақ етер адамдардың сөзіне еріп, арандап қалмауларыңызды өтінеміз!


  Әрі:
|