Қазақша: КазАК ұйымының Бас директоры Айнура Есендикова Женева қаласында өткен ДЗМҰ-ның Авторлық құқық және сабақтас құқықтар жөніндегі тұрақты комитетінің (SCCR) 48-сессиясына қатысты.

«Қазақстандық Авторлық Қоғам» РҚБ (KazAK) Бас директоры Айнура Есендикова 2026 жылғы 18–22 мамыр аралығында Женева қаласында өткен Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымының (ДЗМҰ) Авторлық құқық және сабақтас құқықтар жөніндегі тұрақты комитетінің 48-сессиясына (SCCR/48) қатысты. Сессия барысында авторлық құқық және сабақтас құқықтар саласындағы негізгі халықаралық мәселелер талқыланды. Атап айтқанда, хабар тарату ұйымдарының құқықтарын қорғау, кітапханалар, мұрағаттар, білім беру және ғылыми-зерттеу мекемелері үшін шектеулер мен ерекшеліктер, сондай-ақ цифрлық ортада авторлық құқықты дамыту мәселелері қарастырылды. SCCR/48 аясында генеративті жасанды интеллект пен оның авторлық құқықпен өзара байланысына ерекше назар аударылды. Комитет жасанды интеллектті оқыту барысында туындыларды пайдалану мәселелерін реттеу тәсілдерін, рұқсат алу тетіктерін, контентті пайдалануды бақылау және құқық иеленушілерге сыйақы төлеу мәселелерін қарастырды. Сонымен қатар келесі тақырыптар талқыланды: — цифрлық ортадағы авторлық құқық және роялтиді реттеу мәселелері; — аудиовизуалды туындылар авторлары мен орындаушыларының құқықтары; — өнер туындыларын қайта сату кезіндегі авторлардың үлес алу құқығы; — техникалық стандарттарға авторлық құқықты қорғау; — креативті индустриялардың мемлекеттердің экономикалық өсуіне әсері; — техникалық қорғау шараларына (ТҚШ) байланысты бизнес-модельдер мен экономикалық мүмкіндіктер. KazAK ұйымының SCCR/48 сессиясына қатысуы Қазақстанның авторлық құқық, цифрлық экономика және жаңа технологиялар дәуірінде авторлар құқықтарын қорғау мәселелері бойынша халықаралық диалогқа белсенді түрде қатысып отырғанын көрсетеді.