2010 жылғы 12 тамызда Алматы қаласының Әділет департаментінде «Авторлардың мүліктік құқығын ұжымдық негізде басқаратын ұйымдардың қызметі және Алматы қаласының Әділет департаментінің өкілетті орган ретіндегі осы саладағы рөлі» деген тақырыпта жұмыс бабындағы отырысы өтті. Оған авторлардың және орындаушылардың құқығын ұжымдық негізде басқарушы ұйымдардың басшылары, авторлар, композиторлар, орындаушылар, тағы басқа мүдделі тұлғалар, БАҚ өкілдері қатысты.
ҚазАҚ төрағасы М.Ысқақбай өз сөзінде авторлардың мүліктік құқығын қорғау – шын мәнінде, мемлекттік мәселе екенін, ҚР-ның дамыған елдермен жасасқан сауда және экономикалық байланыстар жөніндегі екіжақты келісімдерінің бәрінде авторлар құқығын қорғауды мойнына мемлекет алатыны туралы нақты көрсетілгенін, демек авторлардың құқығын қорғауды тек осы саладағы өкілетті орган болып табылатын Әділет министрлігінің құрылымдары ғана емес, салық, сот, прокуратура органдары да бақылауда ұстауға тиіс екенін, оны тек ұжымдық басқару ұйымдарының міндеті деп қарау дұрыс еместігін, олар, шын мәнінде, мемлекет мойнына алған міндетті жүгеге асырушы инструмент қана екенін айтты. Сонымен қатар осы жылғы атқарылған жұмыстарын атай отырып, тек Алматы қаласында биылдың өзінде 138 кафе, ресторандарға хат жолдап, түсінік жұмыстарын жүргізгендерін, олардың 81 лицензиялық шартқа қол қойғанын, ал 1 ресторанмен соттасып, авторлардың ақшасын өндіріп беруге қол жеткізгенін атап өтті. Ал осы жылдың ішінде қаланың Әділет департаменті Әкімшілік кодексі (бап 129) бойынша бірде-бір іс қозғамағанын да қынжыла атады.
Сонымен қатар М.Ысқақбай орындаушылар мен фонограммашылар құқығын қорғау үшін құрылған жаңа ұйымдардың жұмысындағы қайшылықтарға байланысты халықаралық тәжірибенің көптеген өзіндік ерекшеліктері туралы өзіне мәлім мәселелерді ортаға салды, сол арада туындаған сауалдарға жауап қайтарып, жан-жақты түсінік берді.