Бүгіндері ҚазАҚ өткен жылдың нәтижелерін қорыту үстінде. Жаңадан құрылған әртүрлі қоғамдар тарапынан туған қиындықтарға қарамастан, Қазақстан авторлары қоғамы 2010 жылы ұйымдастыру мәселесінде бірталай жетістіктерге қол жеткізді. Осы уақыт аралығында ғана жаңадан 9 кабельдік телеарна, 1 эфирлік телеарна, 1 радиоарна ҚазАҚ-пен лицензиялық келісімге қол қойды. Ал көңіл көтеру компаниялары бойынша қол жеткізген көрсеткіш те жақсы. Бұл тарапта 138 лицензиялық келісім жасалған екен, соның ішінде жаңа 27 ресторан, 43 кафе, 15 бар, 1 түнгі клуб бар. Қалған 52 компания – жалдаушылары яки иелері өзгергендіктен келісімдері жаңартылған кафе, ресторандар. Сонымен қатар музыкалық туындыларды пайдаланатын 7 мейманхана, 4 сауда кешені, 14 дүкен де ҚазАҚ-пен шартқа отырды. Музыкалық шығармалар жинағын (альбом) шығаруға – 30, концерт ұйымдастырушыларға – 20 жекелеген шарттар берілген.Сонда барлығы 224 лицензиялық келісім жасалыпты.