2010 жылы Швейцарияның авторлар қоғамынан КОСИС деп аталатын компьютерлік бағдарлама сатып алғанымызды хабарлаған едік. ҚазАҚ былтырғы жыл бойы өз мүшелерін – яғни 1540 авторының тиісті деректері мен олардың 40 мыңнан астам шығармаларын осы бағдарламаға енгізумен айналысқан. Сондай-ақ, бұның бәрін авторлардың халықаралық деректер базасына – «Дүниежүзілік авторлар тізіміне» (IPI) және «Дүниежүзілік туындылар тізіміне» (WID) енгізуді қатар жүргізіп келген-ді. Таяуда соның алғашқы легі есепті ең танымал, жиі орындалатын 103 автордың бізде тіркелген барша туындыларын енгізу жұмысы сәтті өткенін, әрқайсысына халықаралық жеке код белгіленгенін хабарлаған әрі құттықтаған хаттарды АҚШ-тың АСКАП-ынан, КОСИС-ті жасаушы Р.Хаузерден (Женева) және СИЗАК-тың аумақтық директоры М.Чатталбашевтен (Будапешт) алдық. Осы жасалған дайындық жұмыстарының арқасында ҚазАҚ қызметкерлері 2011 жылдың 1 қаңтарынан бастап аймақтардан түскен есеп құжаттарын осы бағдарламамен өңдеп, авторлардың сыйақысын компьютермен бөлуді жүзеге асыра бастады. Бұл жаңалықтың артықшылығы оның Авторлар басқармасы мен есеп-қисап бөлімінің жұмысының оңайлауында ғана емес, енді авторлар, егер қаласа, қай шығармасы қай жерде қашан орындалғанын, ол үшін қанша қаламақы түскенін біліп тұруына мүмкіндік туып отыр. Бұрын біздің жұмысымыздың бәрі қолмен атқарылатын болғандықтан, мұндай мүмкіндік жоқ еді.