Республикалық қоғамдық бірлестік «Қазақстан авторлары қоғамы»
Талап етілмеген сыйақы қалай
шығады және қалай жұмсалады?
ҚАЗ
РУС
ENG
2011 жылғы 18 тамызда Бас Прокуратура жариялаған мәліметте «ҚазАҚ іздеп таба алмаған авторларға тиесілі 63 миллион теңгені өз қалауынша жаратқан» деп көрсетілген дерек бар еді. Сол деректі жергілікті жерлердегі кейбір пайдаланушылар заң бұзушылық деп түсінетін көрінеді. Ол дұрыс емес. ҚазАқ-тың соңғы 7 жылғы қызметі 5 ай бойы тексерістен өткені рас, бірақ прокуратура органдары да, салық органдары да мұнда автор қаржысына қол сұғушылық бар деп тапқан жоқ. Ал әлгі сомаға келетін болсақ, оның жайы былай: «Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы» Заңның 44 бабының 5 тармақшасында: «Мүліктік құқықтарды ұжымдық негізде басқаратын ұйым талап етілмеген сыйақыны ұйымның есеп-шотына түскен күннен бастап үш жыл өткен соң, авторларға бөлінетін сомаға қоса отырып бөлуге немесе өзі өкіл болып табылатын авторлық және сабақтас құқық иелерінің мүдделеріне сай басқа мақсатты айналымға сала отырып сақтауға құқылы» деп жазылған. Демек, Қоғамның бұл ақшаны есептен шығарып, «өз қалауынша жұмсауы» заң бұзушылыққа жатпайды. Егер Қоғамның қаржысы кеткен шығындарын жабуға жетпей жатса, соған жұмсалады, ал жетіп жатса, ол ақша бөлінетін жалпы сыйақыға қосылып, авторларға бөлініп кетеді. Жалпы, Қоғам құрылғалы бергі 14 жыл ішінде аты-жөні нақты көрсетіліп, бухгалтерия кітабында жеке есебі ашылып, бірақ іздестіру кезінде табылмай, қаламақысы есептен шығарылған қазақстандық белгісіз авторларға тиесілі сома бар-жоғы 2 388 042 теңгені ғана құрайды. Бұл осы жылдары жиналған соманың 0,12% ғана. Ал жоғарыда аталған сома орта есеппен әр жылға шаққанда, осы жылдары жиналған қаржының 3,2 пайызын құрайды. Бұл қаржы – бізге берілетін мәліметтерде не мүлдем автордың аты-жөні жазылмаған яки қате жазылған, немесе әннің атын ғана жаза салған, яки шығармалары мүлдем көрсетілмеген, көрсетілсе қате жазылған, немесе ақшасын төлегенмен, тиісті мәліметін беріп үлгірмей жабылып қалған кафе-ресторандардан, басқадай ұсақ төлемшілерден түскен қаламақылардан құралған. Біздің кәсіпкерлерде әзірше өздерінің нәпәха табуына тікелей әсері бар авторлар қауымына құрметпен қарау, заң талаптарына сай құжатты дұрыс толтыру мәдениеті жетіспейді. Дұрыс жазылмайтындар көбіне шетел авторлары болып келеді. Егер бізге берілетін мәліметтерде оның бір әрпі дұрыс жазылмаса, компьютер арқылы оқылатын шетелдік деректер базасы «ондай автор жоқ» яки «туынды жоқ» деген жауап беріп отырады. Егер біз белгісіз авторларды іздестіретін СИЗАК-тың деректер базасында 2,5 миллион автор, 15 миллионнан астам туынды барын ескерсек, аты-жөні мен шығармалары қате жазылған авторларды іздеп тауып алудың қаншалықты қиын екенін елестетуіңізге болады. Сондықтан да біз ондай авторлардың тізімін Қоғам сайтының ағылшынша бөлімінде жариялап тұрамыз, сондай-ақ Ұлыбританияның PRS қоғамына жіберіп, анықтауға көмектесуін сұраған кезіміз бар. Ал Қазақстандық авторларды «Қазақ әдебиеті» және «Из рук в руки» газеттері арқылы, Қоғам сайты арқылы, тіпті адрестік бюролар арқылы іздестіреміз. Бұл жұмыспен арнайы айналысатын қызметкер белгіленген. Соңғы 3 жыл ішінде ғана 300-ге жуық жас авторлар мен ертеде қайтыс болған авторлардың мұрагерлерін таптық. Соның арқасында қазір ҚазАҚ мүшелерінің саны 1600-ге таяды. Үш жыл ішінде іздестіру нәтиже бермеген жағдайда ол қаламақылар, әрине, Заңның 44-бабына сай авторлар мүддесіне жұмсалады. Әлгі аталмыш сомалар да ешкімнің қалтасына түскен жоқ, авторлардың мүддесіне жұмсалды. Әйтпесе, прокуратура ҚазАҚ басшыларын жауапқа тартқан болар еді.
Біздің бұл мәселеге байланысты берген түсінігіміз Бас Прокуратура мәлімдемесі жарияланысымен соған жауап ретінде «Айқын» (26 тамыз 2011ж.) және «Қазақ әдебиеті» (2 қыркүйек 2011ж.) гәзеттерінің бетінде жарық көрген.
Осыны автор туындыларын пайдаланушыларға да түсіндіруді жөн көрдік.
Әрі:
СИЗАК-тың деректер базасы

ҚАЗАҚ қана көре алады:
Барлық құқықтары қорғалған.
© KazAK, 2010‑2017
SoftDeCo компаниясының
сайтынәзірлеу және жетілдіру.